Описание
Қадірлі қасымшыл оқырман!
Ұлтымыздың ұлы перзенті, Алаштың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың ғасырлық тойы қарсаңында әлемтор кеңістігінде «Қасым» әдеби порталының тұсауы кесілді! Жаңа жоба Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауы және Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің бастамасымен құрылған.
Енді жаһандық желіні пайдаланушылар «Қасым» порталынан ақынның тағдыры мен жасампаз шығармашылығы жайында толыққанды ақпарат ала алады. Тарқатып айтсақ, дауылпаз ақынға арналған портал «Қасым-тағдыр», «Поэзия», «Аудармалар», «Көсемсөз», «Драма», «…өз жайымда», «Қасымтану», «Бір күй бар», «Қасым-әлем», «Дүниеге келер әлі…», «Жанартау», «Фотошежіре», «Бейнебаян» сияқты бөлімдерден тұрады. Әрбір бөлімнің мәйекті мақалалары, сүбелі ойлары және сүйекті ұсыныстары қасымшыл оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Сондай-ақ, азаттықтың арынды ақынына арналған әдеби порталдан Қ.Аманжоловтың 100 жылдығына орай республика көлемінде өтіп жатқан іс-шаралар жайлы білуге болады. Қасымтанушылардың соны деректері мен зерделі зерттеулері, атақты ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің үзік ойлары назардан тыс қалмаған. Сондықтан атаулы сайт жас ұрпақтың рухани көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жанартау ақынның жырын әрбір жүрекке ұялатары сөзсіз.
Порталдың ақылдастар алқасында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің төрағасы, ақын Серік Ақсұңқарұлы, «Болашақ» университетінің ректоры, идея авторы Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай, «НұрАстана» газеті бас редакторының орынбасары, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, жазушы Дидар Амантай және басқа да белгілі азаматтар бар.
Бүгінгідей ақпарат нарығы мен инновация заманында «Қасым» әдеби порталының ашылуы заңды құбылыс. Қ.Аманжолов ғұмыры мен поэзиясының ақтаңдақ беттерін ақтарсақ, әлі талай жайдың беті ашылары анық.
Әрине, белгілі бір платформаның шеңберінде қалып қоймай, порталымызды рухани, мәдени, ғылыми-танымдық деңгейге дейін көтерсек дейміз. Яғни, Қасымға тән өршіл мінез танытып, ұлттық мәселелерді де дер кезінде көтеріп, өткір де өзекті материалдарды жариялап отырамыз. Олай болса, "Қасым" порталына ақ жол тілейік, патша көңілді оқырман!